Текті ел тұқымын түзейді
Текті ел тұқымын түзейді
573
оқылды
Қазақта «Тұқымың құрысын» дегеннен ауыр қарғыс жоқ. Өйткені ұрпақсыз қалу тұтас бір әулеттің, ата-тектің жоғалуына соқтырады. Қазақстанда тура мағынасында тұқым құрып барады. Отандық нарықта тұқым деп, қапталған қоқыс сатылып жатқанын Ауыл шаруашы­лығы министрлігі де мойындады. Сапалы тұқымсыз тұтас сала күйреп, елдің ұлттық қауіп­сіздігіне, ел болашағына қатер төнбек. Онсыз да Қазақстан егіннің өнімділігі жөнінен бүкіл әлемнің соңында қалды. Сондықтан тоқыраған тұқым шаруашылығын түзейтін тың реформа қажет. Осы орайда Қазақстан Нидерланд тәжірибесін енгізуге бел буды. Центнер деп сөйлеу енді ұят Келесі салыстыруға назар ау­дарған жөн. 2022 жылы Қа­зақ­станда бидайдың орташа өнім­ділігі әр гектардан 13,5 цент­нер­ден айналды. Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мұны жетістік деп дәрежеледі, өйткені оның ал­дында 2021 жылы бұл көрсет­кіш небары 10,1 цент­нер болып­ты. Бірақ бұл марқаятын, мадақ­тайтын емес, керісінше ұялтатын жайт. Себебі 2022 жылы егіннің өнім­ділігі орта есеппен Өзбек­станда – 75-85 центнерге, Бе­ларусьте – 50 центнерге, Әзер­бай­жанда – 31,9 центнерге, Ресейде – 34,4 центнерге жетті. Дамыған елдерде ше? Bloomberg хабар­лауынша, нидерландтық Infarm компаниясы жабық фермаларда өсірген бидайдың әр гектарынан 117 тонна (!) егін орды.
«Бұл бүкіл әлемдегі азық-түлік қауіп­сіздігі мәселесін шешіп, адамзатты аштық­тан құтқарып қала алады. Бұған дейін осы тәрізді тәсілмен тек көкөніс, жеміс-жи­дек­тер мен шөптер ғана өсірілді. Бұл тә­сілдің озық тұсы сол, онда өсімдік пести­цидтермен өңделмейді. Бұған қоса дәстүрлі егіске қара­ғанда аз су қолданылады. Біз бидайды жа­бық панажайларда, кез келген климатта өсі­ріп, мол өнім алуға болатынына сенім­ді­міз», – деді Infarm тең құрылтайшысы және бас техникалық директоры Гай Галонска.
Bloomberg АҚШ пен Еуроодақтың егін­шілері бүгінде әр гектардан тиісінше 3,1 және 5,6 тонна бидайдан жинауға үйренге­нін еске салды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының белгілі генетигі Падраик Фладтың түсін­діруінше, мұндай нәтижеге сапалы тұқым, топырақтағы ылғал көлемін реттеу, өсімдікті тыңайтқыштармен дұрыс қоректендіру секілді ғылыми негізделген тәсілдемелер ар­қасында қол жеткізілген. Оның бәрі сақ­талса, өсімдік індетсіз және стрессіз өсіп, өне береді екен. Яғни, Қазақстанның шен­ділері әр гектардан санаулы центнер өнім жиылғанына мәз болып жүргенде, дамыған елдер өнімді тонналап орып, жаһандық азық-түлік нарығындағы ойын ережелерін өзгертіп жатыр. Мұның сыртында соңғы жылдары өзі де аста-төк астық ала бастаған Өзбекстан қазақ астығынан бірте-бірте бас тартуда. Ал Қа­зақстаннан он еседен көп егін жинайтын, әрі өнімділігі де біздікінен көп артық Ресей қазақстандық нарықты арзан астыққа қарық қылды. Бұл республикада бидайдың әр тоннасы бағасының 2023 жылы 80-85 мың теңгеге дейін құлдырауына соқтырды. Салыстыратын болсақ, 2022 жылы әр тоннасы 170-185 мың теңгеге дейін жететін. Салдарынан, отандық аграршылардың жиған астығы табыс таппақ түгіл, олардың шығындарын, кредиттерін өтеуге жетпей, біраз агрофирма, шаруа қожалықтары бан­крот болғалы тұр. Істің насырға шапқанын түсінген Үкімет алдағы аптаның басында Ресейден автокөлікпен бидай тасуға тыйым салуды жоспарлады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрығының жобасы дайын. Бірақ шектеу шаралары салада қордаланып жатқан проблемаларды шешпейді, тек кейінге ысырады. Отандық озық тұқымдар қайда? Әрине, егін өнімділігінің тым төмен болуына әсер ететін факторлар көп: арзан несие қолжетімсіз болғандықтан, сапалы тыңайтқыштар алуға қаражаты жетпеген фермерлер оның не арзанын алады, не мүл­дем пайдаланбайды, топырақты пайдалы заттармен, макроэлементтермен, бірінші кезекте азотпен және фосформен жете қо­ректендірмейді. Сондай-ақ бұған жер жыр­ту, тыңайту және өңдеу технологиялары­ның сақталмауы, агроном кәсібінің дегра­да­циялануы, яғни майталман мамандардың аздығы, су ресурстарының тапшылығы, қуаңшылық, тамшылатып суару және басқа технологиялардың ендірілмеуі және басқасы кесірін тигізіп отыр. Дегенмен, саладағы түйіні шиеленіскен түйткілдерді шешудің басты алғышарты бәрібір, тұқымға тіреледі. Сенаттың Аг­рарлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту коми­тетінің мүшесі, депутат Закиржан Кузиевтің айтуынша, Қазақстанның тұқым нары­ғы­ның басым бөлігі көлеңкеге кетті. Мемле­кеттік бақылау жоқ.
«Тұқым шаруашылығының қолда­ныстағы жүйесі тұқымдар сұрыптарының (сорт) өндірісін де, сатылуын да, пайда­ла­ны­луын да басқарусыз, бассыз жіберді. Салда­рынан, нарық тұқымдардың жалған партия­ларына толып кетті. Тіпті ілеспе құжатта­рының толық топтамасының болуы да өнімнің сапасына еш кепілдік бермейді. Еш сәйкестендірілмеген, тіркелмеген, қапқа тол­тыра салынған, өнімділігі өте төмен тұ­қым­дар айналымда еркін жүр. Сондай дәнді сепкен диқандар әрі кетсе, мардымсыз өнім ғана алады. Бірақ қаражаты аз болғандықтан, аграршылар амалсыз ең арзанын алуға мәж­бүр. Мұның бәрі еліміздің өсімдік ша­руа­шылығын құртып барады. Сайып келгенде, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне алапат соққы жасалуда», – деді З.Кузиев.
Оның байламынша, егер бір амал, шара қолданылмаса, жағдай өздігінен түзелмейді, тек ушыға береді. Соңғы 5 жылда Қазақ­станға сырттан келетін тұқым көлемі бірне­ше есе артты. Соның ішінде Ресейден са­па­сыз, қоқыс толы өнімдер көптеп әкелінеді. Республикада элиталы тұқымның үлесі тоқтаусыз құлдырап, бүгінде 7% ғана қалды. Тіпті санкция астындағы Ресей және Беларусьте оның үлесі 20%-дан асады. Негізі, Қазақстанда тұқым саласында 2000 жылға дейін қатаң мемлекеттік бақылау болыпты, кейін бизнестің дамуына мүм­кін­дік беру дегенді желеу етіп, Үкімет оны жойды. 2016 жылдан бері селекциялық же­тістіктерді мемлекеттік тізілімге тіркеу мін­деттіден ұсынымдық сипатқа ауыстырылды: қаласаң тірке, қаламасаң, жаза жоқ. Осыны пайдаланып, Ресей, басқа елдерден мемле­кеттік сұрып (сорт) сынағынан өтпеген, Қа­зақстанның табиғи және климаттық жағ­дайларына бейімделмеген тұқымдар тасқындай бастады. Барлығы еркін әкелініп, еркін сатылуда. Олармен бірге елге зиян­кестер, аса қауіпті өсімдік індеттері де қоса әкелініп жатуы мүмкін. Соның бір көрі­нісіндей, республикада фитосанитарлық ахуал жыл өткен сайын нашарлап барады. Сондықтан сарапшылар тұқым сұрып­тарын міндетті мемлекеттік тіркеуді қай­таруды ұсынады. Бұл тіпті дамыған елдерде де бар тәжірибе. [caption id="attachment_247532" align="aligncenter" width="1529"]тұқым © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Отандық ғалымдар тұқымдардың гене­ти­­касына үңіледі, гибридизация жүргізеді, көрсеткіштері ең үздіктерін іріктеп алады. Осылайша, 5 мың үлгіден 50-і қалады. Ал ақырғы сыннан соның бірлі-жарымы ғана өтіп, солар Қазақстанның ауыл шаруашы­лығына арналған жаңа сұрыптарға айна­лады. Бүгінде қазақстандық егіншілер аталған орталық әзірлеген «Жақсартылған шортан­дылық 95» және «Шортандылық 2012» сияқ­ты селекциялық сұрыптарды қолда­нады. Олар 1,3 млн гектардан астам алқапқа егіл­ген. Аграршылардың мәліметінше, орта есеппен әр гектардан 17,6 центнерден өнім береді.
«Біздің нарыққа ұсына алатын жетістік­теріміз бар. Олар үлкен сұранысқа ие. Де­генмен, басқа проблема бас көтерді: тұқым шаруашалығы жүйесі ақсап жатыр. Сұрып­ты жасап шыққан соң оны серіктес ша­руашылықтарға беруге тиіспіз. Тұқымның тауарлық партияларын солар өндіреді. Ал бізде серіктес шаруашылықтар өте аз, сау­сақпен санарлық. Бұл мемлекеттік маңызды іс, бірақ онымен айналысуды қалайтын кәсіпкерлер тым аз», – дейді орталықтың өкілі, дәнді, бұршақ, майлы дақылдар се­лекциясының маманы Ирина Ошергина.
Голландия тәсілі ауылды гүлдендіре ме? Ауыл шаруашылығы министрлігі ашы­ғын айтып отыр: арзан тұқымға елігіп кет­кен аграршылардың көбі жерге дән емес, қоқыс себеді. Әйткенмен, бұған мемле­кеттің өзі де айыпты. 2000 жылға дейін Қазақстанда Мемлекеттік астық инспек­циясы болды, ол тұқым материалдарының сапасына бақылау жүргізетін. Артынша Doing Business бизнесті жүргізу индексі сияқты жаһандық рейтинг­терде өрлеуге үйір болған, әрі әр саладағы олигархтардың мүддесін ілгерілеткен бұ­рын­ғы билік мем­лекеттің бақылау, қадағалау функцияларын жаппай жоя бастады. Мұ­ның бәрін нарық өзі реттейді деп дәйектеді. Нарық реттеді ме? Бұдан не шықты?
«Тұқым шаруашылығының қолда­ныстағы жүйесі Қазақстанда өндірілген тұқымдарға сенімсіздік тудырады. Ла­йық­ты бақылаудың жоқтығы салдарынан «жо­ғары репродукциялы тұқым» деп шынында ондай емес, нашар тұқымдар жаппай са­тылып жатыр. Себебі, мемле­кеттен тұқым өндіру процесіне жүйелі бақылау жоқ. Тексеруге тек шағымдар ғана негіз бола алады. Қол­даныстағы жүйенің тиімсіз­ді­гінің бір мы­салы сол, Ресейден немесе басқа елдерден көбіне тұқым деген атпен қоқыс тұқым жеткізіледі. Ал фер­мерлер олардың арзан бағасына қызығып, сатып алады­», – деп мәлім етті Ауыл ша­руашы­лығы министрлігі.
Ведомствоның ақпаратынша, мұндай тұқымсымақтар сапасы жөнінен талапқа сай болмаса да, олар әлдебір жолдармен қа­зақстандық ілеспе құжаттарға қол жет­кізеді. Яғни, құжаттары толық болады. Саланың тоза бастауына басқа да түйт­кілдер ықпал етті. Мысалы, диқандарда – білім мен білік, салада – білгір маман тап­шы. Соның кесірінен, шаруалардың көп­шілігі тұқымдық емес, тауарлы астықты егіп жүр. Министрлік көптеген агрономның тұқымның сорттық және егістік қасиеттерін шатастыратынына назар аудартты. Тұқым­ның егістік және өнімділік қасиеттері ара­сындағы айырмашылықты түсінбейді. Мысалы, кез келген репродукциядағы суперэлита, элита, I, II, III сияқты сұрыптар ол сұрыптың тазалығын және бастапқы эли­таны қайта отырғызғаннан кейінгі алынған тұқым буынын ғана көрсетеді. Бұл ол сұрыптың міндетті түрде жоғары өнім бе­ретінін білдірмейді. Бұған ақылы жет­пеген агрономдар, аграршылар неғұрлым жоғары сұрыбын ексем, мол астық жинай­мын деп үміттенеді. Шынында, әрбір сұ­рыпқа, оның жергілікті жерге бейімделуіне және басқа да қасиеттеріне мән берген жөн. Мұның бәрі тұқымның ілеспе құжаттарында болуы қажет. Әр тұқымның өнімділігін, олардың қасиеттерін тек бағалау арқылы анықтауға болады. Осы бағалау жүйесін мемлекет жолға қоюы керек. Саладағы ұсынылып отырған жаңа ре­форманың бір бағыты да осыны қарас­тырмақ. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқымдарды сертификаттау жүйесін енгізуге ниетті. Бұл, оның байла­мынша, тұқым өндіру процесін бақылауға мүмкіндік береді. Мұның қолданыстағы жүйеден не айыр­машылығы бар? Қазіргі кезде мемлекет тұқым шаруашылығы субъектілерін әр 5 жыл сайын аттестаттап отырады. Содан аттес­татталған тұқым өндірушілер кез кел­ген тұқымға өз бетінше куәлік беру құқы­ғы­на ие. Сонда тіпті тұқымның сапа­сын да тек­сер­­меуі мүмкін. Бұдан мүдделер қақты­ғысы туындайды: өзі жасайды, оны өзі бақылайды.
«Осыған байланысты инспекциялаумен және сертификаттаумен соған нақты ма­манданған, кәсіби ұйымдар айналысуы тиіс. Олар өздері берген құжаттарында көрсе­тілген мәліметтердің растығын кепілден­діруге және соған жауап беруге міндетті болады», – деп хабарлады ауыл шаруашы­лығы ведомствосы.
Яғни, қолданыстағы аттестаттау жүйесі жойылады. Тұқымдардың сұрыбын, егіс қасиеттерін анықтау, олардың өндірісі мен сатылымын қадағалау рәсімі концептуалды түрде өзгертіледі. Сонымен қатар инспек­циялауды және тұқым сапасына сертификат беруді енгізу жоспарланып отыр. Жаңа жүйеде тұқым шаруашылығын реттеумен мемлекет емес, кәсіби ұйымдар айналысады. Олардың үстінен арнайы мем­лекеттік реттеу енгізіледі: кәсіби ұйымдарды мемлекет аттестаттайды. Басқаша айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргідей барлық тұқым шаруашылығы субъектілерін емес, тек осы салаға кәсіби маманданған ұйымдардың қызметін ғана қадағалайды. Кәсіби ұйымның талап пен заңды бұз­ға­ны анықталса, уәкілетті орган сот арқылы оны аккредиттеу туралы куәліктен айыра­ды немесе оны кері қайтарып алады. Өз кезе­гін­де кәсіби ұйымдар төл инспекциялық қыз­меттері, зертханалары арқылы тұқым са­па­сын тексеріп, бақылап, құжаттандырып оты­рады. Сол құжатына басымен жауап береді. Жалпы, бұл біздің шенеуніктер ойлап тапқан «ноу-хау» емес: Қазақстан жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, Нидерланд Корольдігінің тәжірибесін негізге алады. Өйткені дәл осы ел тұқымдарды сертифи­кат­таудың жетекші жүйесіне ие. Тек Қазақ­станның жергілікті ерекшелігі саналатын жемқорлық бұл жаңашылдықты жарға жықпаса... Нидерландта 4 кәсіби ұйым бар, сер­тификаттаушы фирмалар соған мүше. Бұлар NAK (ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары), Naktuinbouw (бау-бақша ша­руашылығын бақылау), KCB (импорт және экспортқа бағытталған жаңа піскен жем­іс­тер мен көкөністердің сапасын бақы­лау), BKD (гүл дақылдарын тексеру). Қазақстанда Үкімет Парламентке «Тұ­қым шаруашылығы туралы» заңына түзету енгізетін жаңа заң әкеледі. Ол қабылданса, бірінші жылы Картоп өсірушілердің кәсіби ұйымы құрылмақ. 2-ші жылы – бақша өсірушілердің, 3-ші жылы – дәнді дақыл өсірушілердің, 4-ші жылы – майлы дақыл өсірушілердің, 5-ші жылы – қалған барлық дақылдың кәсіби ұйымдары құрылып, өн­дірістік бақылаудың инспекциялық қыз­метін жүргізеді. Соның негізінде нақты бел­гіленген әдістемеге сай тұқымға серти­фикат береді. Ал егіншілер тек сол ұйымдар сертификаттаған тұқымдарды ғана егуге міндеттеледі.